Ақтөбе облысында мобильді топтар мұқтаж азаматтардың мекенжайларына барып, олардың жанұяларының тұрмыстық жағдайымен танысуда. Аталмыш жұмыстың нәтижесінде мүмкіндігінше әлеуметтік көмектер көрсету механизмі қарастырылып жатыр, деп хабарлайдф City04.kz.
Мобильді топтардың құрамына қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері мен мәселеге бей-жай қарамайтын азаматтар кірді.
12 ақпанда ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова, прокуратура органдарының ардагері Мария Тәжібаева, сонымен қатар, "Shanyraq" қоғамдық қорының өкілдері 34 жастағы Сәнімгүл Сүйінбаеваға көмек көрсетті. Ол жолдасымен бірге төрт бала тәрбиелеп отыр, кенжелері бір жаста. Жанұя саяжай алабында тұрады. Үйдің газ бен тұрғын үй құжаттары жоқ. Пеш жағып жылытылады.
Мобидьді топ мүшелері тұрмыс жағдайымен танысып, отбасына азық-түлік, тұрмыстық керек-жарақтар, кеңсе тауарларын әкелді. "Shanyraq" қоғамдық қоры отбасына көмір алып береді. Құжаттар мен газ жүргізу мәселесі әкімдіктің бақылауында.
Тағы бір мұқтаж отбасы "Авиатор" ауданындағы қаусап тұрған үйде тұрады. Гүлжайнар Шамсина жолдасымен бірге төрт бала тәрбиелеп отыр, олардың екеуі мектепке барады. Отбасыға азық-түлік жағынан көмек көрсетілді, жуырда баспана кезегіне тұруға жәрдемдеседі. Шамсиндерге көмекке облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова мен депутат Сергей Вишняк келді.
Сондай-ақ, отбасыға балаларын мектепке апару үшін жәрдем берілетін болады.
Ақтөбе облысында құрылған мобильді топтар жеті түрлі бағытта жұмыс жасайды. Балаларды мектепке дейінгі мекемелерге беру, баспана кезегіне тұру, медициналық көмек көрсету, заң тұрғысынан кеңес беру, жылу, газ жүргізу, коммуналды қызметтерге мүмкіндігінше жеңілдік жасау.