Облыс əкімі Бердібек Сапарбаев бірнеше əлеуметтік маңызы бар нысандардың құрылыс барысын тексеріп, бірқатар салтанатты шараларға қатысты, деп хабарлайды City04.kz.
Атап айтқанда, өңір басшысы Болашақ ауданында тұрғызылып жатқан жаңа ІТ-орталықтың жүзеге асырылуымен танысты.
Нысанның құрылысы былтыр қазан айында басталған. Жалпы алаңы шамамен 6,9 мың шаршы метр. Қазіргі кезеңде жертөленің құрылысы аяқталып қалды. Жұмыс екі ауысымда жүргізіледі, шамамен 35 адам еңбек етіп жатыр. Нысанды осы жылдың қазан айында пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, Ақтөбеде Жеңілатлетикалық манежді тұрғызу жұмысы жалғасуда. Кешен жобалаушылардың ойластыруы бойынша толыққанды жарыстар мен күнделікті жаттығулар өткізуге мүмкіндік беретін кеңістіктік көлемді қамтиды. Нысан алдыңғы қатарлы халықаралық стандарттарға сай болмақ. Оны осы жылдың аяғына қарай пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Нысанды қарап шыққан Бердібек Сапарбаев құрылыс қарқынының баяулығына қатысты ескерту жасап, жоба құнын төмендету жағын қайта қарауды тапсырды.
Бұдан басқа, облыс басшысы Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-де болды. Онда университеттің тарих факультетіне атақты тарихшы, Шалқар ауданының тумасы Бекежан Сүлейменовтің есімі берілді. Шараға ғалымдар, қоғам мен этномəдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.