Облыс әкімі Оңдасын Оразалин «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығына» барды, деп хабарлайды City04.kz.
Орталықта мүгедек жандар мен олардың отбасы мүшелері бірге бола алады. Аймақ басшысы Орталықтың тұрақты басшысы әрі «Қазақстанның еңбек ері» Құралай Байменовамен және ондағы қызметкерлермен тілдесіп, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар аясындағы материалдық-техникалық базасымен, көрсетілетін қызметтермен танысты.
Қазіргі уақытта «Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығы» жанында қоғамдық қабылдау, әлеуметтік қызмет бөлімі, мүгедектердің белсенді оңалуына арналған кабинет, еріктілер клубы және мүгедек арбаларын жөндеу қызметі, тігін цехы жұмыс жасайды. «Инва-такси» қызметі 2005 жылдан бері жүзеге асқан. Автопаркте 8 автокөлік болса, оның 3-уі мамандандырылған көтергіштермен жабдықталған. «Инва-такси» күніне 40-60 азаматқа қызмет көрсетеді.
Облыс әкімімен әңгімелесу барысында Құралай Байменова кең ғимарат немесе бөлме қажеттігі жайлы өтінішін жеткізді. Оңдасын Оразалин уәкілетті мемлекеттік органдарға осы мәселені зерделеуді тапсырды.