• Главная
  • Ақтөбеде үлгі тұтар жас отбасы бар
15:00, 11 февраля 2019 г.
Надежный источник

Ақтөбеде үлгі тұтар жас отбасы бар

Ақтөбеде үлгі тұтар жас отбасы бар

Тарғын мен Айгерім - жас шаңырақ иелері болса да, отбасының құндылық қадірін жақсы түсінетін өнегелі отбасылардың бірі. Ол жұппен сұхбат барысында екі жас болашақта үлгілі шаңырақтардың алдыңғы қатары болсақ деп армандайтынын атап өтті. Бүгін City04.kz сайтының тілшісі оларды әңгімеге тартып, сұхбат  құрды.

Жақыповтар отбасы өнегелі жанұядан үлгілі ұрпақ өседі деп есептейді. Ал құрған шаңырақ берік болуы үшін, жанұяда төзімділік пен сабырлық болуы қажет дейді.

Өмірлік серігін Тарғын 2016 жылы кезіктірген. Мектеп қабырғасында бірге оқыған сыныптасы болашақ жарының жұмыстасы, әрі құрбысы болып шығыпты. Бірін-бірі 2016 жылы тамыз айында әдеттегідей достарымен болған бас қосуда жиналып, сол жерде кезіктірген екен.

"Бір көргеннен ғашық болып қалдым деп айта алмаймын, кейін жақын таныса келе дос болып кеттік. Ол мені сүйкімді көркімен, биязы мінезімен баурап алды. Ал мен өз анама ұқсайтын, үйімнің түтінін түзу түтетер, ибалы да инабатты қызды жолықтырсам деп тілейтінмін. Сол уақытта ойымда жүрген аруды кезіктіргенімді сездім, ұсыныс жасадым. Қос жүректің үні бір арнаға тоғысып, ол да ұсынысымды қабыл алды. Барлық жаныма жақын деген достарымды жиып, жарыма тосынсый жасап, жүрегімнің жартысы болуға ниет етіп, оңды жауап алдым", - дейді отағасы Тарғын.

Оның айтуынша сөз салуға да біраз батылдық керек екен. Ерекше етіп жасаймын деген ол, алдын ала дайындық жұмыстарын бастап, тосынсый жасауға әзірленген сәтте тағы бір қызық жағдай орын алғанын айтып кетті.

"Ол да бір қызық оқиға болды.. Сценарий бойынша Айгерімге "Сен бүгін кешке менің қарындасым Зарина және нағашы апам Ляззатпен кездесесің, кешке таман сағат 19:00-де "Сити" мейрамxанасына келерсің", -дедім. Ол келісті. Ал біз дайындық қамына кірістік. Сонымен кешкі мезгіл таяғанда "сен Космос немесе Қазпошта аялдамасына келіп тұр, машинамен алып кетем" дедім. Ал ол "Ситиға"өзім-ақ жетемін, әуре болмай-ақ қой" деді, ал маған оның автобус аялдамасына барғаны керек. Сөйтіп, оны әрең дегенде көндірдім. Сағат 19:00 шамасында жолдасым аялдамаға келді, ал біз арнайы безендірілген автобуспен келіп таңқалдырған жайымыз бар. Бұл сәт те тариx қойнауында қалды, әркез қуанышпен еске алып отырамыз", - дейді Тарғын.

Осылайша болашақ жұбайын ата-анасымен таныстырып, үлкен қуаныштың қамына кірісті. 2017 жыл шілде айының 14 жұлдызы, Тарғын мен Айгерімніңөміріндегі ең маңызды кезең бастау алды.

"Менің туған күнімде қазақтың ата салтымен жұбайыма сырға салып, "Қыз ұзату" тойының куәсі болып, арқалы Адай еліне күйеу жігіт болдым. Ал 15 шілде күні Алаша әулетіне ақ маңдайлы Адай қыз келін болып түсіп, осы елді бақытты қылуға ниет етіп, дүбірлі тойымызды өткердік. Міне, осылайша отбасылық өміріміздің шуақты сәттері мен шұғылалы күндерін бірге көріп келеміз. Алдағы уақытта Алла қолдап, ең бақытты шағымыз да келер деген ақ арман мен үміт жетегінде қол ұстасып, болашаққа нық қадам басудамыз.

"Арманды дара қумаймыз,

Құстың қос қанатындаймыз,

Жүректе от жанып,

Тауларды бетке алып,

Бірге ұшып барамыз болашаққа!"- деп қосты Тарғын.

Айгерім – қаламыздағы үш тілде оқытатын №21 орта мектеп-гимназиясында мұғалім, ал Тарғын болса, облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы.

"Айгерім үйде ибалы келін, аяулы жар. Асқар тау әкем мен ардақты анам да ұстаздық деген ұлы мамандық иелері. Сондықтан отбасымызда бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінеді. "Ел болам десең - бесігіңді түзе" дегендей, ұлттық руx пен қазақы дәстүрді, ұлттық құндылықтарды жоғары дәріптейміз. Әр қазақ отбасына амандық, мызғымас татулық, шексіз бақыт тілейміз!" - деді Тарғын.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции

Комментарии

Объявления
live comments feed...