• Главная
  • Лидия Каденова "Келіндер көтерілісіне" қатысады
14:16, 12 февраля 2019 г.
Надежный источник

Лидия Каденова "Келіндер көтерілісіне" қатысады

Лидия Каденова "Келіндер көтерілісіне" қатысады

Қойылымның премьерасына еліміздің сүйікті актрисасы, ҚР еңбек сіңірген әртісі, "Парасат". "Құрмет" ордендерінің иегері, жерлесіміз Л.Кәденова Форман бибінің рөлін сомдауға арнайы шақырылып отыр, деп хабарлайды City04.kz.

Өзбекстан Республикасының көрнекті жазушы-драматургі Саид Ахмадтың "Келіндер көтерілісі" пьесасы осыдан 30 жылдан астам уақыт бұрын жазылған. Алғаш рет Мұхтар Әуезов атындағы Қазақтың Мемлекеттік Академиялық драма театрының сахнасында 1978 жылы 15 сәуірде көрсетілген болатын. Көне шығарма болса да, әлі күнге дейін көрермен қауымды күлкіге бөлейтін қойылым әлі де еліміздің қала театрларында көрсетіліп жүр.

Лидия Каденова "Келіндер көтерілісіне" қатысады, фото-1

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының қазақ труппасы режиссер Мейрам Хабибуллиннің қоюымен Елбасының болашаққа бағдар: рухани жаңғыру кіші бағдарламасы "Туған жер-туған ел" аясында "Келіндер көтерілісі" комедиясы сахналады.

Қойылым премьерасы ақпан айының 15-16-18-19-ы күндері сағат 19.00-де, ал, 17 ақпанда (жексенбі) сағ. 18.00-де қойылады. Қойылымның премьерасына еліміздің сүйікті актрисасы Лидия Кәденова ене рөлін сомдауға арнайы шақырылды. Белгілі актриса театр сахнасында 45 жыл бойы өнер көрсетіп келеді. 

Фармон бибі - бұл образ жайлы спектакль бойы айтылып келеді. 7 бала, 41 немере тәрбиелеп, отағасы жас кезінде қайтыс болып кеткен. Ата салтты мықты ұстайтын оған ешкім қарсы тұрып, оның сөзін ешкім аяқ асты қалдыра алмайды. Әулеттегі барлық әрекеттер Фармон бибінің тікелей бақылауымен ғана жасалады. Күндердің күнінде ол кенже ұлын үйлендіріп, келін түсіреді. Жаңа түскен келінмен бірге, үйге басқа әрекеттер аяқ басады. Жас келін үй ішіндегі тәртіпке қарсы шығады. Осы кезде оқиға өрбиді.

"Мұңды комедия ене мен келін арасындағы қарым-қатынасты емес, жалпы қоғамда орын алып отырған мәселелерді көрсетеді. Бұндай жағдайлар өмірде жиі орын алады. Ата-дәстүрін берік ұстайтын өзбек халқының астарлы әзілге толы комедиясы көрермен қауымды күлкіге бөлеп, қуаныш сыйлайтыны анық. Қазіргі жастарға жалпы шыдамдылық жетіспейді. Егер шыдамдылық болса, бәрі болады. Міне, әр көрермен осы қойылымнан өз кейіпкерін табады деп ойлаймын. Бұл өмірде қырқысып жатқан  ағайындылар қаншама? Олар бір-бірімен араласпайды да. Ойланып қарар болсақ, кішкене болсада екі арада ұйымшылдық, татулық болса, бір әулеттің тұтастығын сақтап қала аламыз", - дейді Лидия Тәжадинқызы.

Адам баласының еркіндігі, еркі, іс-әрекеті, таңдау құқығы сияқты күнделікті өмірде кездесетін мәселелер негізге алынған қойылымның режиссері Мейрам Хабибуллин дайындықтың жоғары деңгейде жүріп жатқандығын ерекше атап өтті.

"Театр - ең алдымен көрерменнің ішкі дүниесіне әсер етіп, адамдық қалпын тәрбиелейді. Лидия апамыздың біздің сахнамызда ойнайтынына өте ризамыз. Біздің жас, талантты актерлеріміз осы кісіден үлкен сабақ алып, өнер майталманымен бір сахнаға шығатынын мақтан тұтып жүр. Ақтөбелік апамыз бізге әркез жанашыр, сол үшін алғыс білдіреміз. Бұл қойылым республикамыздың театр сахналарында үлкен сұранысқа ие. Сондықтан премьераны ойдағыдай өткізу - біздің басты мақсатымыз", - деді бас режиссер.

Айта кететін жайт, әлемнің 14 елінде аталған пьесаның желісімен мыңдаған спектакль қойылып, бірнеше көркемфильм түсірілгені белгілі. 

Үйдегі болып жүрген келеңсіз оқиғаларға әзілмен, күлкімен қарайтын болсақ, ене мен келін арасындағы қақтығыстар да артта қалуы мүмкін еді. Бұл туралы астарлы әзілге, тұшымды ойларға толы "Келіндер көтерілісі" комедиясы сыршертеді.

Альбина Алдрапекова

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции

Комментарии

Объявления
live comments feed...