• Главная
  • Ақтөбеде бірде бір бала қамқорсыз қалмайды
09:14, 17 февраля 2019 г.
Надежный источник

Ақтөбеде бірде бір бала қамқорсыз қалмайды

Ақтөбеде бірде бір бала қамқорсыз қалмайды

Ақтөбеде қиын жағдайға тап болған балаларды қолдайтын "Аяла"  орталығы ашылды. Мекеме Алға балалар үйі мен кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының бірігуінен құрылған. Бұл өңірде балалар үйі тәрбиеленушілерінің саны азайғандығына байланысты, деп хабарлайды City04.kz.

16 ақпан, сенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапары кезінде жаңа Орталықта болды.

Өңір басшысы жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балалардың аталмыш мекемедегі тұрмысымен және тәрбиесімен танысты, орталықтың басшылығымен, педагогикалық ұжымымен және тәрбиеленушілерімен кездесті.

"Балалар – Қазақстанның болашағы, сондықтан біздер – ересектер сіздердің лайықты тәрбие алып, дамуларыңыз үшін бәрін жасауымыз қажет. Біздің облыста барлық тиісті шаралар қабылданып жатыр. 2018 жыл Бақытты балалық жылы болып жарияланған болатын. Сіздер ата-анасыз қалғандырыңыз үшін кінәлі емессіздер. Бірақ сіздер құрдастарыңыз секілді жақсы білім мен тәрбие алуларыңыз керек. Сабақты жақсы оқып, спортпен, өнермен айналысып, тәртіпті болсаңыздар, міндетті түрде өмірде өз орындарыңызды тауып, Қазақстанның лайықты азаматы боласыздар. Біздің міндетіміз – сіздерге барлық жағдайды жасау. Келешекте ешбір бала мемлекет қамқорынсыз және қолдауынсыз қалмауы керек. Елбасының әлеуметтік саясаты соған бағытталған",- деді ол орталық тәрбиеленушілерімен әңгіме кезінде.

Облыс әкімі мекемеге спортпен жаттығу құрылғысын тарту етіп,  балаларға сыйлықтар мен тәттілер берді.

Орталықта балаларды тәрбиелеуге және оқытуға, бос уақыттары мен демалысын ұйымдастыруға, медициналық, психологиялық қолдау көрсетуге қажетті жағдайлар жасалған. Ұстаздар мен психологтар балаларға мамандық таңдауға, өз бетімен өмір сүруге көмектеседі. Орталыққа 3-18 жас аралығындағы балалар қабылданады. Бүгінгі таңда мұнда 33 тәрбиеленуші тұрады.

Сондай-ақ, сол күні өңір басшысы «Сельмаш» ауданындағы өтпе жолдың құрылысымен танысты. Ұзындығы 126 метр болатын көпірді осы жылы аяқтау жоспарланып отыр. Облыс әкімі қала билігіне құрылыс сапасы мен мерзімін мұқият қадағалауды тапсырды.

Бұдан басқа, Бердібек Сапарбаев Сәңкібай батыр даңғылы бойындағы сауда орталығы алаңының құрылысында болды. Екі қабаттан тұратын орталықтың ғимаратында жиһаз орталығы, электронды және тұрмыстық тауарлар дүкені орналаспақ.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции

Комментарии

Объявления
live comments feed...