• Главная
  • Келіннің әңгімесі: енем мені жетім деп басынады
14:42, 5 марта 2019 г.
Надежный источник

Келіннің әңгімесі: енем мені жетім деп басынады

Фото из интернета

Фото из интернета

«Сүйгеніммен қосылып, тұрмысқа шықтым, бірақ, қанша жыл өтсе де енемнің көңілінен шыға алмадым. Жолдасым да анасының сөзін сөйлеп, қол көтере бастады. Бұл зорлыққа шыдамай үйден кетіп қалдым, баратын туысым да жоқ», - Ақтөбелік үш баланың анасы Әйгерім осылай деп әңгімесін бастады.

Зорлық-зомбылық пен қорлау құрбаны болып жүрген әйелдің бар айтар әңгімесі де осы.  Барар жер, басар тауы қалмаған әйелді бүгінде Ақтөбедегі зорлық-зомбылық көрген әйелдерге пана болатын үй - тұрмыстық зорлық құрбандары орталығы өз қамқорлығына алды.

Осындай қайғылы оқиғалардың алдын алып, басына іс түскен әйелдерге тығырықтан шығар жол табуға көмектесіп жүрген орталықта бүгінде 6 әйел бар.

Алты жыл бұрын Әйгерім өз ықтиярымен сүйген жігітіне ұзатылған. Өзі Алға ауданының тұрғыны екен. 27 жасар жас келіншекті жастайынан әкесі анасын жоқтатпай бағып, өсірген. Салт-дәстүрге сай, ақ батасын беріп, ұядан ұшырған.Жаңа үйге келін болып түскен Әйгерім күн сайын тірлігін тыңғылықты атқарып, қосымша мектепте еңбек етті.

Бір жылды араға салып, Әйгерім мен оның жолдасы арасында үлкен ұлы дүниеге келді. Бүгінде ол 5 жаста. Кейін егіз дүниеге келді. Бірақ осы жақсы дүниелер арасында неше түрлі зорлықты көрген біздің кейіпкеріміз өткенді көзіне жас алып еске түсірді.

«Жалпы, бұрынғы заманнан ене мен келін арасында «бітіспес дау» бар дегенді еститінмін. Бірақ өзім оған сенбейтінмін. Әкем әркез ақылын айтып, «Жақсы енені жаман келін жер қылады, жақсы келін жаман енені ел қылады» дейтін. Не істесем де жақпадым. «Жетімсің» деп бетімен басатын», - дейді ол.

Әйгерімнің айтуынша, енесі баласын қызғанып, келініне күн көрсетпей, тіпті, кейде қол жұмсайтын да жағдайлар орын алған. Расында да осындай енелердің кесірінен талай шаңырақтың ортасы ойрандалғанын да көрген жайымыз болған. Қарап отырсақ, келін сенің ұрпағыңның ізін жалғастырушы, осы әулеттің ардақты анасы. Тәрбиелі қыз өнегесіз ененің қолына келін болып түссе, келсап болып шығады дейтін қағида кейде рас болып шығады

«Күндердің бір күнінде маған енем: «Сен менің балама лайық емессің. Неменеге соны түсінбейсін, қайт еліңе. Балаларды тастап кет, оларды тастамасаң, өлтіремін» деп те айтқан. Бірақ соған да шыдап, балаларым үшін сабырлы болатынмын», - деді көзіне жас алып Әйгерім.

Ене мен келін арасындағы жанжалдың тууына тағы бір себеп болған – ақша. Көбіне ол келінінің табысын соңғы тиынына дейін санап алып, тартып та алатын. Тіпті, өз ұлына Әйгерімді жамандап, ұрғызатын.

«Қол көтерді. Соны көріп енем мәз болды. Сосын тағы да... тағы да... Мені адам ретінде қабылдамайтын болды. Кетіп қалдым. Әкеме қайтып бара алмадым, елден ұят. Құрбымның үйінде бірнеше ай қонып, осы жер туралы естіп қалдым. Жағдайымды түсіндіргеннен кейін, осында қабылдады. Қазір, шүкір, жұмыс қарастырып жатырмын», - деді ол.

Бүгінгі таңда Әйгерім үш баласымен бірге жаңа өмір бастамақшы. Ол жұмыс орнын тапқаннан кейін, пәтер жалдап, орталықтан кетемін дейді. Бар мақсаты – артта қалған енесі мен жолдасына өзін мықты етіп көрсетіп, балаларының жағдайын дұрыстау.

«Мен кетіп бара жатқанымда екеуі маған «Сен біз болмасақ, өлесің, жезөкше болып кетесің, күн көре алмайсың» деді. Сол қатты намысыма тиді. Мен оларға өзімнің мықты екенімді дәлелдеуім қажет. Сол үшін барлық жағдайды қарастырып жатырмын. Орталықтың үжымына алғысым шексіз, Алла разы болсын», - дейді жас ана.

Орталық қызметкерлерінің айтуынша, бұндай жағдайлар өңірімізде өте көп орын алады. Бірі – бұл жерге келуге намыстанса, бірі – білмейді екен.

«Қазіргі заманауи дамыған қоғамда тұратынымызға қарамастан, отбасылардағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары өте жиі кездеседі. Көбінесе адамдар бұл туралы ашық айтпайды. Қазақстан Республикасының Конституциясында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар деп анық жазылған. Сондықтан, әйелдер біздің мекемеміз жайында білсе, оларға да көп септігі тиер еді», - деді орталық қызметкерлері.

Альбина Алдрапекова

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции

Комментарии

Объявления
live comments feed...