• Главная
  • Ақтөбелік кәсіпкер көпбалалы әкеге пәтер сыйлады
14:41, 29 марта 2019 г.
Надежный источник

Ақтөбелік кәсіпкер көпбалалы әкеге пәтер сыйлады

Фото интернеттен алынды

Фото интернеттен алынды

«Ақтөбемұнайгазқұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысшысы, көпбалалы әке Қанат Садықовқа жұмыс беруші үш бөлмелі пәтер алуға мүмкіндік жасап отыр, деп хабарлайды Ақтөбе әкімдігінінің баспасөз қызметінен.

Қазір Қанат отбасымен Ақтөбе қаласындағы Сүт зауыты ауданында айына 40 мың теңге төлеп, пәтер жалдап отыр. Төрт балалы әкенің жағдайына бей-жай қарамаған жұмыс беруші, яғни «Ақтөбемұнайгазқұрылыс» ЖШС директоры Серік Естемісов бұл отбасыға жанашырлық танытып, жалпы аумағы 140 шаршы метр көлемде үш бөлмелі пәтер алуға ниет танытыпты. Бүгінде компания қызметкерлерімен бірге Қанат отбасына ыңғайлы жерден пәтер іздестіріп жүр.

- Өзбекстаннан көшіп келгенімізге алты жылдан астам уақыт болды. Содан бері пәтер жалдап тұрамыз. Осыдан үш жыл бұрын Қазақстан азаматтығын алдық. Төрт баламыздың алды колледжде оқиды, кенжеміз — екінші сынып оқушысы. Балаларымыз Ақтөбе қаласындағы №15 орта мектепте оқитындықтан, пәтерді осы маңнан іздестіріп жатырмыз, — деген Қанаттың зайыбы Гүлбахар Кенебаева елімізде көпбалалы отбасыларға көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылығын білдіріп, баспана алуға жағдай туғызған компания басшылығына шексіз алғысын айтты.

«Ақтөбемұнайгазқұрылыс» ЖШС-да қазір сексеннен астам адам еңбек етеді. Маусым кезінде олардың саны 150-ге дейін жетеді.

- Қанат Садықов — жоғары білімді маман. Өз ісінің шебері, берілген тапсырмаларды өте сапалы орындайды. Nur Otan партиясының съезінде Елбасымыз әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға барынша қолдау көрсету жайында нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Осыған байланысты өз жұмысшыларымыздың тұрмыстық жағдайына талдау жасау барысында, Қанаттың көпбалалы әке екенін, оның пәтер жалдап тұратынын ескеріп, ұжыммен ақылдаса келе Садықовтар отбасына үш бөлмелі пәтер алып беруге бекіндік. Бүгінгі күні отбасы иелерімен бірге өздеріне ыңғайлы жерден жалпы ауданы 140 шаршы метрлік пәтер іздестіріліп жатыр. Бір аптаның көлемінде бұл мәселені шешеміз, — деді компания басшысы Серік Естемісов.

Қала әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін үнемі назарда ұстайтын компания басшылығы түрлі қайырымдылық шараларда да төбе көрсетеді.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции

Комментарии

Объявления
live comments feed...