Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күні туралы не білеміз?

Интернеттен алынған фото, Алдрапекова Альбина
Интернеттен алынған фото

Осыдан 5-10 жылдар бұрын 14 ақпан күні жақындаған сайын, жастар қағаздан қиылған жүрекшелерін алып, бірін-бірі құттықтауға асығатын. Елімізде «Әулие Валентин» деп аталатын мерекені әлі күнге дейін насихаттайтынар бар. Дегенмен, жастардың Қазақстанда сәуірдің 15-ші жұлдызын «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» ғашықтар күні деп аталатынын білгені абзал. Деректерге сүйенсек, бұл күн ешбір құжатпен белгіленбеген, ешбір тарихи оқиғаға да байланбаған.

Мереке қалай пайда болды?

Бұл мерекені атап өтуді, негізі, бірінші боп республика көлемінде Оңтүстік Қазақстан облысында 1999 жылы Дархан Мыңбай деген кісі ұсынып, жастар ұйымдарын, оқу орындарын, ақпарат құралдарын соған шақырған екен деректер бар. Батыстағы мерекелерді ескеріп, ешқандай күнге тура келмесін деп дәл осы күнге қойылған болуы керек, дейді біреулер.

Тарихшы, этнограф Ардақ Беркімбайдың айтуынша, ғашықтар күні атап өтілгені дұрыс, алайда салт-дәстүрлерімізге қайшы қылықтар жасалмауы тиіс.

Ал жазушы Амангелді Кеңшілік қазір қоғамда мұндай мерекеге қатысты тар көзқарас қалыптасып отырғанына қынжылады. «Валентин күнін» тоқтату үшін осындай «Ғашықтар күнін» ойлап тапқаны – құптарлық іс. Дегенмен махаббат деген нәрсені қыз бен жігіттің арасындағы махаббатпен ғана байланыстырып, соның аясында ғана қалдыруға болмайды дейді ол.

Ғашықтар тарихы.

Мерейлімерекеге арқау болған Қозы Көрпеш - Баян Сұлудың тағдырынан сыр шерте отырайық...

Қозы Көрпеш — Баян Сұлу эпосы – халқымыздың інжу-маржаны, асыл қазынасы. Бір-біріне қосыла алмаған қос ғашықтың қайғылы махаббатын жырлайды. Лиро-эпостық жыр XIII-XIV ғасырлардан бастап жырланып, XIX ғасырдың ортасы тұсында қағазға түсірілді.

Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күні туралы не білеміз?, фото-1

Жыр Сарыбай мен Қарабайдың аң аулап жүріп құда болып, Қозы мен Баянды күні бұрын атастыруынан басталады. Сол кезде аң аулап жүріп, ұлды болғанын естіген Сарыбай, баласын көре алмай қаза табады. Атастырылып қойған Қозы мен Баян, жүздерін көрмегенімен бір-біріне ғашық болады. Уақыт өте келе сараң Қарабай қызын жетім ұлға бергісі келмей, бір кезде отарын жұттан құтқарған, жергілікті палуан Қодарға ұзатпақшы болады. Қос ғашықтың арасына тосқауыл болған Қодар, айласын асырып, зұлымдықпен Қозының басын алады. Қайғыдан қабырғасы қайысқан Баян, өш алу үшін қулыққа көшеді. Ол Қодарға өзіне құдықтан су алып берсе, күйеуге шығатынын айтады. Алданған Қодар Баянның шашынан ұстап, құдықтың түбіне түсе бергенде, айлакер қыз бұрымын кесіп тастайды: Қодар түпсіз тұңғиыққа құлап қаза табады. Сөйтіп Қозының кегі қайтарылады. Батыр қыз ғашығының күмбезіне келіп, өзіне қанжар салып қол жұмсайды.

Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күні туралы не білеміз?, фото-2

Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың ізі тек жырда ғана қалған жоқ, қос ғашықтың көзіндей болып келе жатқан мазар да бар. Бұл мазар Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Таңсық теміржол бекетінен 10 шақырымдай жерде, Аягөз өзенінің бойында орналасқан.

Қозы Көрпеш – Баян Сұлу күні туралы не білеміз?, фото-3

Олай болса, баршаңызды бүгінгі 15 сәуір - Ғашықтар күнімен құттықтаймыз!

Қозы мен Баян күні ғашықтар күні
Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции

Комментарии