Ақтөбе орталықтарына қойылған пианино

Ақтөбе орталықтарына қойылған пианино

Өткен жұмада Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына орай өнер сүйер қала тұрғындарының қолдауымен «Біздің Ақтөбе — біздің таланттарымыз!» ашық жобасы басталды, деп хабарлайды Сity04.kz "Ақтөбе" газетіне сілтеме жасай.

Алдымен Виктор Пацаев ескерткіші маңындағы «Ақтөбе Арбаты» алаңына «Красный октябрь» пианиносы қойылды. Даңқты композитор Ахмет Жұбановтың, Ғазиза Жұбанованың ұрпағы, Қазақ елінің атын бүкіл әлемге асқақтатып жүрген Димаш Құдайбергеннің жерлестері көп күттірмей пианиноға «тіл бітірді».

Жоба авторы — ҚР Мәдениет саласының үздігі Дина Ниязова. Ол әуелі көпшілікке жобасы туралы әңгімелеп, сосын пианинода ойнап, жиналған жұртпен қосыла Шәмші әндерін шырқады.

Осылайша, күйбең тірліктен шаршаңқырап жүрген қала тұрғындарына сәл де болса көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Өнер десе ішер асын жерге қоятын, қаламыздағы ірі кәсіпкерлердің бірі Гайк Тертерян да көпшілік алдында көшеде тұрған пианинода ойнап, өз өнерін көрсетті. Бұл жердегі шарада біз Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиеваны да көрдік.

Пацаев ескерткіші маңына қойылған пианиноны Ақтөбе қаласының тұрғыны, зейнеткер Дания Нұрышева қала жұртшылығына сыйлап отыр. Бұл аспапта немересі Милана Темірбаева ойнапты. Енді әжесі немересіне жаңа пианино сатып алмақшы. Жас суретші Төлеген Дәрібаев бұл пианиноның сыртына сурет салып, арт-нысанға айналдырыпты. Қаламыздың тағы бір тұрғыны, авиадиспетчер қызметін атқарып жүрген, өзі де пианинода ойнайтын, өнер жанашыры Мирас Нажимов пианино бейнесіндегі орындық жасатып, тарту етіпті.

Ақтөбе орталықтарына қойылған пианино, фото-1

Бұл жерде Ломоносов атындағы кітапхана ұжымы қала тұрғындары үшін буккросинг ұйымдастырыпты. Кітапқа қызығушылық азайып бара жатыр десек те, көшеге алып шыққан кітаптың бірсыпырасын жұртшылық оқуға өздерімен алып кетті. Буккросингтің мақсаты да сол, «Оқып ал да, өзгеге ұсын!» Бұл шараға қаламыздағы кез келген адам қатыса алады. Өзің оқыған, ұнатқан кітабыңның арасына ұсыныс хат қалдырып, аялдамаларға немесе автобустарға қалдырып кетуге болады. Ол кітап қолына түскен адам да солай жалғастыра беруі тиіс.

Екінші пианино «Астана» саябағына қойылды. «Рига» пианиносын қала тұрғындарына Дина Ниязованың өзі тарту етіпті. Ал бұл пианиноның қасында тұратын орындықты Гайк Тертерян жасатып беруге уәде беріпті.

Астана паркіне барғанымызда кішкентай пианиношы әдемі әуен ойнап отыр екен. Ол өзін Зейнеп Мәңгібаева деп таныстырды. Жаңақоныс ауылындағы балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығындағы фортепиано секциясына төрт жылдан бері қатысып жүр екен. Новый орта мектебінің 5-сыныбын бітіріпті. «Фортепианоға бала кезімнен қатты қызықтым», — дейді Зейнеп.

— Шетелдің біраз қалаларында пианинолар көшеде тұр. Әрі бұл қалыпты жағдай боп кеткен. Меніңше, ақтөбеліктер де сондай бұзақы емес, керісінше, мәдениетті. Мен оптимиспін. Әрі халық бұның бәрі өздері үшін жасалып жатқан дүние екенін түсінеді деп ойлаймын. Өнерге деген сүйспеншілік әу бастан адамға оң әсер етеді, тәрбиелейді. Пианино — күрделі аспап, алайда ол көпшілікке ұнайды. Біз де ақтөбеліктердің пианиноны тыңдап, білетіндері аспапта ойнағандарын қаладық. Өнерлі балаларымыз көпшілік алдында өнерлерін көрсетсін. Өнерпаздарды тани түсейік. Негізі, Ақтөбе — таланттар мекені, Жұбановтар елі, Димаштың туған жері, — дейді Дина Ниязова. Оның айтуынша, Нью-Йорк көшелерінде тұрған пианинолар саны — елу. «Біздің Ақтөбеге де екі пианино аздық етеді. Сондықтан да алдағы уақытта пианинолар санын көбейтеміз. Бастамамызды қолдап жатқан ынталылар көп. Үшіншісі дайындалып жатыр, оны, бұйырса, ескі қаладағы «Ретро» саябаққа қоймақ ойымыз бар», — дейді жоба авторы.

пианино в актобе пацаева дала ниязова новости актобе
Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
Комментарии