• Главная
  • Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
16:13, 14 июля 2019 г.
Надежный источник

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

- Өтіп бара жатқан аптада әр салада маңызды кадрлық ауыс-түйістер болды. «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі 8-13 шілде аралығындағы Қазақстанда болған кадрлық тағайындауларға шолуын ұсынады. Реклама/TV Media Digital Апта басында ҚР Үкіметінің Қаулысымен Айгүл Шайымова Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі қызметіне тағайындалды. Айгүл Амантайқызы Шайымова 1979 жылы Целиноград облысының Маринов ауылында туған. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, Қаржы полициясы академиясын, РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын бітірген. Түрлі жылдары ҚР Қаржы полициясы агенттігінде, Экономикалық және сыйбайлас жемқорлық қылмыстары агенттігінде, ҚР Бас прокуратурасында жұмыс істеді. 2013-2014 жылдары ҚР Қауіпсіздік Кеңесінің Ситуациялық орталығы меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды. 20147-2016 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің аппарат жетекшісі болды. 2016 жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері вице-министрі қызметін атқарды. 2016 жылдың қыркүйегінен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары қызметін атқарып келді. *** ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі болып Нұрғиса Дәуешов тағайындалды. Нұрғиса Мұратұлы Дәуешов 1985 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының түлегі, Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының магистранты. Түрлі жылдары филармония, халық аспаптары академиялық оркестрі әртісі, Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының Дәстүрлі музыка өнері кафедрасының оқытушысы болып жұмыс істеді. 2011-2013 жж. - Құрманғазы атындағы Қазақ Мемлекеттік халық аспаптары оркестрінде инспектор. 2013 жылдан бастап Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік халық аспаптары оркестрі директоры қызметін атқарған. *** Сонымен бірге, бұл аптада жаңадан құрылған сауда және интеграция вице-министрлері қызметіне Жанель Кушукова мен Азамат Асқарұлы тағайындалды. Жанель Кушукова Петропавл қаласында туған. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітірген. Еңбек жолын 2001 жылы ҚР Экономика және сауда министрлігі Демпингке қарсы бақылау комитетінің ішкі нарықты қорғау жөніндегі жетекші сарапшысы ретінде бастады. 2002-2004 жылдары ҚР Индустрия және сауда министрлігі Сауда, халықаралық ынтымақтастық және экспорттық бақылау департаментінің Кедендік және тарифтік саясат бөлімінің жетекші маманы. 2004-2008 жылдары ДСҰ-ға кіру департаментінің Кедендік-тарифтік реттеу бөлімінің бастығы, басқарма басшысының орынбасары, басқарма басшысы болған. 2008-2010 жылдары ҚР Индустрия және сауда министрлігінің Сыртқы сауда саясаты департаментінің директоры. Соңғы 9 жыл бойы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Сыртқы сауда саясатын дамыту департаментінің директоры қызметін атқарды. Азамат Асқарұлы 1984 жылы Алматы облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Гарвард университетін, Гонконг ғылым және технология университетін бітірген. Түрлі жылдары «Самұрық Қазына Инвест» ЖШС Халықаралық қатынастар департаментінің директоры қызметін атқарды, «KTZ Express Hong Kong Ltd»-ны басқарды, «ҚТЖ Экспресс» АҚ әуе көлігі департаментінің бас маманы болды. 2017 жылдан бастап ҚР Премьер-Министрінің орынбасарының кеңесшісі болды. *** Өз кезегінде Бахтияр Мәкен мен Алтынбек Қайсағалиев Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасарлары болып тағайындалды. Бахтияр Мәкенұлы Мәкен әлеуметтік қорғау, ішкі, жастар саясаты және ақпарат, мәдениет, денсаулық сақтау, дене шынықтыру және спорт мәселелеріне жетекшілік етеді. Ол Алматы қаласында туған, 38 жаста. Қазақ ұлттық аграрлық университетін «Ауыл шаруашылығы өнімдерін стандарттау және сертификаттау» мамандығы бойынша бітірген, сарапшы-аудитор. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Монтана-Миссула университетін тәмамдаған, мемлекеттік басқару магистрі (МРА). 2000-2009 жылдары жастар ұйымдарының басшылығында қызмет етті. 2009-2010 жылдары Алматы қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының Жоғары оқу орындарымен және жастар ұйымдарымен жұмыс бөлімінің басшысы. 2010-2012 жылдары - Алматы қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының бастығы. 2012-2013 жылдары - Алматы қаласы ішкі саясат басқармасының бастығы. 2013-2016 жылдары - Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары. 2016 жылғы 24 наурыздан бастап алтыншы сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған. Алтынбек Кеңесұлы Қайсағалиев коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдарының құрылысы мен инфрақұрылымы және қоршаған ортаны қорғау, абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалау және қарды жинау мәселелерімен айналысады. Ол Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «құрылысшы» мамандығы бойынша, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша. «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Бат университетінің Менеджмент, инновация және технологиялар саласындағы жаратылыстану ғылымдарының магистрі (Ұлыбритания). Еңбек жолын ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінің консультанты, инспекторы болып бастаған. «Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты хатшылығының меңгерушісі», Орал қаласы әкімі аппаратының басшысы, әкімінің орынбасары болған. *** Ал Алматы қаласы әкімінің орынбасары лауазымына Сапарбек Тұяқбаев тағайындалды. Сапарбек Тұяқбаев 1979 жылы туған. 2001 жылы Таяу шығыс техникалық университетін, 2004 жылы Торонто университетін тәмамдаған. Еңбек жолын 2005 жылы бастаған. 2005-2009 жылдары Мемлекеттік қызмет істері бойынша Агенттікте, Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде, ҚР Индустрия мен сауда министрлігінде, ҚР Президенті әкімшілігінде қызмет еткен. 2011-2017 жылдары ОҚО әкімінің орынбасары болып қызмет етті. 2016 жылдың қазанынан - ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің инвестициялар комитетінің төрағасы, 2017 жылдың қарашасынан «Kazakh Invest» ҰҚ басқарма төрағасы қызметінде еңбек еткен. *** Сонымен бірге, Алматы облысы әкімінің орынбасары болып Бағдат Манзоров тағайындалды. Манзоров Бағдат Сайланбайұлы 1962 жылы туған. 1983 жылы Қазақтың физкультура институтын «Дене шынықтыру және спорт оқытушысы» мамандығы бойынша, 2002 жылы Қазақ тұтыну одағының Қарағанды экономикалық университетін «Экономист-менеджер» мамандығы бойынша және 2018 жылы Қазақ қатынас жолдары университетін «Техника және технология магистрі - көлік құрылысы» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Талдықорған қаласының жасөспірімдер мен балалар спорт мектебінің жаттықтырушы болып бастаған. Әр жылдарда Кировск колхозы базарының директоры, «Шаған» ЖШС президенті, «Айсер» ЖШС директоры, Көксу ауданы әкімінің бірінші орынбасары, Көксу ауданының әкімі, Ақсу ауданының әкімі, Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі, Алматы қаласының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы лауазымдарын атқарған. *** Өңірлерге келсек, Павлодар облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Қайрат Нүкенов Павлодар қаласының әкімі болып тағайындалды. Қайрат Теміршотұлы Нүкенов 1970 жылы туған. 2002 жылы Омбы қаласындағы Сібір мемлекеттік жол-көлік академиясын, 2014 жылы П.А. Столыпин атындағы Омбы мемлекеттік аграрлық университетін бітірген, ғалым-агроном және экономист-менеджер мамандығын меңгерген. Қазіргі уақытта Алматы қаласы менеджмент университетінде докторантурада оқиды. Еңбек жолын тас қалаушы болып бастаған. Кейінірек жеке бизнеспен, 2012 жылдан бастап мемлекеттік қызметпен айналысқан. Железин ауданының әкімі, Павлодар облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы, Ақсу және Екібастұз қалаларының әкімі, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары болған. *** Қарағанды облысы Балқаш қаласының әкімі лауазымына Ораз Таурбеков тағайындалды. Ораз Қасейінұлы Таурбеков 1968 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. Үш жоғары білімі бар. 1998 жылы Қарағанды қаласы бойынша салық комитеті басшысы,. ҚР Көлік, коммуникация және туризм министрлігінің «Казмортрансфлот» Ұлттық теңіз кеме компаниясы басқармасының төрағасы қызметтерінде болған. 2001-2002 жылдары Павлодар облысы бойынша Салық департаментін, 2002 жылы Астана қаласында басшылық қызметтерде болды. Сондай-ақ, 6 жылдан астам ірі коммерциялық құрылымдарда басқарушы лауазымдарында болған. 2011 жылы ҚР Қаржы министрлігінің Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитеті төрағасының орынбасары, 2013 -2017 жылдары Қарағанды облысы бойынша тексеру комиссиясының мүшесі, ал 2017 жылдан бастап осы тағайындауға дейін облыстың Экономика басқармасы басшысы қызметтерін атқарды. *** Түркістан облысы Ордабасы ауданының әкімі болып Әліпбек Өсербаев тағайындалды. Әліпбек Шәріпбекұлы Өсербаев 1961 жылы 20 тамызда ОҚО Қызылқұм ауданында туған, білімі жоғары, біліктілігі – инженер-химик-технолог. 1983 жылы Қарағанды асбест-цемент өнімдерін шығаратын зауытының машинисі ретінде еңбек жолын бастап, кейін осы кәсіпорында ауысым шеберінің дублері және ауысым шебері болып еңбек еткен. 1986 жылы Түркістан қаласы құрылыс детальдері мен конструкциялары комбинаты зертханасының инженері, цех бастығы, комбинаттың бас инженері болған. 1999-2005 жылдары «Қуат Суиндустрия» АҚ рудасыз материалдар комбинаты филиалының директоры, «KazakhConstruction Industry» АҚ рудасыз материалдар комбинаты филиалының директоры лауазымдарында жұмыс атқарған. 2005-2014 жылдары Түркістан қалалық мәслихаты хатшысының міндетін уақытша атқарушы, Түркістан қаласы құрылыс бөлімінің меңгерушісі, Түркістан және Кентау қаласы әкімі орынбасары, ОҚО кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының басшысы лауазымдарын атқарған. 2014-2018 жылдар аралығында Түркістан қаласының әкімі, ОҚО әкімінің бірінші орынбасары лауазымында қызмет еткен. 2018 жылдың маусым айынан бастап Түркістан қаласының әкімі лауазымын атқарған. *** Түркістан облысы Шардара ауданының жаңа әкімі болып Қайрат Жолдыбай тағайындалды. Қайрат Жолдыбайұлы Жолдыбай 1981 жылы 5 мамырда бұрынғы Шардара қаласында туған, білімі жоғары, біліктілігі экономист-менеджер бакалавры. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының мемлекеттік және жергілікті басқару бойынша магистрі. Еңбек жолын 2003 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі Жоғары оқу орындарын және ғылымды қаржыландыру бөлімінің жетекші маманы болып бастаған. 2003-2016 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігі Мемлекеттік сатып алулар және жекеменшік бөлімінің жетекші маманы, ҚР Қаржы министрлігінің бірқатар Комитетінде бас маман, бас сарапшы, бөлім басшысы, ҚР Парламенті Сенаты депутатының көмекшісі, Шардара ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған. 2019 жылдың ақпан айынан бүгінгі күнге дейін Түркістан облысы, Ордабасы ауданының әкімі лауазымында қызмет атқарып келді. *** Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Өкімімен ҚР Мәдениет және спорт министрі болған Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚР Ұлттық музейінің директоры қызметіне тағайындалды. Арыстанбек Мұхамедиұлы 1963 жылы 11 ақпан күні Алматы облысы Талғар ауданында дүниеге келген. Мәдениет саласында «World master» жоғары атағына ие. Бұның алдында 2008 жылдан бері Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры қызметін атқарған. Өзінің еңбек жолын 1984 жылы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының мемлекеттік симфониялық оркестрінің артісі болып бастаған. 1991-1993 жылдары аралығында Мәдениет министрлігінде маман болды. 1993 жылы ҚР Мәдениет министрінің көмекшісі болып тағайындалды. Әр жылдары ҚР Президентінің оркестрінде қызмет атқарды. Сонымен қатар «Қазақ әуендері» АҚ-на басшылық етті. 2006 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі болып жұмыс жасады. Сондай-ақ, ол ҚР Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінің мәдениет секторының меңгерушісі болған. 2014 жылдан 2019 жылдың маусым айына дейін Мәдениет және спорт министрі қызметін атқарған. *** Мемлекет басшысының Жарлығымен Қанат Тумыш Оңтүстік Африка Республикасындағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды. Қанат Қобыландыұлы Тумыш 1975 жылы 7 қарашада Ақтөбеде туған. Халықаралық экономикалық қатынастар мамандығы бойынша Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Өзінің дипломатиялық мансабын 1997 жылы Қазақстан СІМ Мемлекеттік Протокол басқармасының референт қызметінен бастады. 1998 жылдан 2005 жылға дейін Қазақстан СІМ орталық аппаратында, сондай-ақ еліміздің Ыстанбұлдағы Бас консулдығында, Анкара мен Будапешттегі елшіліктерінде түрлі лауазымдарда жұмыс істеді. 2005 жылдан бастап халықаралық ұйымдар және қауіпсіздік мәселелері Департаментінің бірінші хатшысынан Жалпыазиялық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасарына дейінгі мансаптық өсу кезеңдерінен өтті. 2010 жылы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің II саммитінде бұл халықаралық ұйымның Атқарушы Директорының орынбасары болып тағайындалды, онда 2014 жылғы маусымға дейін қызмет атқарды. 2014-2015 жылдары Сыртқы істер министрінің кеңесшісі болды. 2015 жылғы ақпанда Қазақстанның Нью-Йорктегі БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдігінің кеңесші-уәкілі болып тағайындалды. Преторияға тағайындалғанға дейін 2016 жылғы тамыздан бастап Қазақстанның Нью-Йорктегі БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілінің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мәселелері жөніндегі орынбасары болды. *** Танымал тележурналист Мейіржан Әлібекұлы «Jambyl» облыстық телерадиоарнасының директоры лауазымына тағайындалды. Мейіржан Әлібекұлы Жиенәлі 1984 жылы туған. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Журналистика факультетінің түлегі. Алғашқы еңбек жолын «Аtyray» облыстық телеарнасынан бастады. Әр жылдары «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының Ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясында тілші-сарапшы, редактор-жүргізуші, Қазақстан Президентінің журналистік пул тілшісі, шеф-редактор, дирекция директорының орынбасары қызметтерін атқарды. Қалың көрерменге «Жаңалықтар», саяси-сараптамалық «Апта.kz» бағдарламасының тізгіншісі ретінде танымал. ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының иегері, ҚР Ақпарат саласының үздігі. «Халық сүйіктісі» ұлттық жүлдесінің лауреаты, «Нұр Сұңқар» байқауының жеңімпазы.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#Қазақстанда апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар

Комментарии

Объявления
live comments feed...