• Главная
  • Ақтөбе облысы әкімдігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды
08:46, 23 октября 2019 г.
Надежный источник

Ақтөбе облысы әкімдігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды

Облыс әкімдігінде құқықбұзушылықтың алдын алу жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды City04.kz.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдарының, мемлекеттік мекемелердің басшылары, Ақтөбе қаласының әкімі және бейнебайланыс арқылы аудан әкімдері қатысты.
Өңір басшысы Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиын барысында құқықбұзушылық міселесі әкімшілік айыппұл өндіру мен жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қатысты сұрақтар талқыланды.
ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті басқармасының мәліметінше ағымдағы жылдың тоғыз айы ішінде мемлекеттік органдар 172 мыңнан аса құқықбұзушылықты анықтап, 2,1 млрд теңге әкімшілік айыппұл салған, мемлекетке 1,3 млрд теңге кіріс өндірілді. Әкімшілік шара құрылымындағы айыппұл 70,7% құрайды. Ақтөбе қаласы (55,2%) мен Хромтау ауданында (64,3%) айыппұл өндірудің ең аз пайызы байқалады.

Ақтөбе облысы әкімдігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды, фото-1


Салынған әкімшілік айыппұлдарды өндіру жұмыстарының қорытындысына көңілі толмаған өңір басшысы жұмыстың тиісті деңгейде жүргізілмей отырғанын атап өтті.
«Мәселе айыппұлдың қаншалықты өндірілгенінде емес, керісінше бұл шаралар тәртіптің орын алуына оңды нәтиже береді. Бейнебақылау жүйесі, планшеттер сынды қолда бар мүмкіндіктің барлығын пайдалана отырып осы бағыттағы жұмыстарды күшейту керек. Бастысы жұмысты дұрыс ұйымдастыру қажет. Біздер өз тарапымыздан қолдау көрсетіп, қаражат бөлуге дайынбыз»,- деп атап өткен облыс әкімі полиция қызметкерлері үшін планшеттер сатып алуға байланысты мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізуді тездетуді тапсырды.
Айта кетейік, ең аз айыппұл өндірген - экология департаменті (37,5%) мен полиция органдары (61,2%). Оңдасын Оразалин экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұловқа экологиялық заңнаманы бұзатын кәсіпорындармен айыппұл өндіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Сонымен қатар, Ақтөбе облысындағы сыбайлас жемқорлық қылмысы мен құқықбұзушылық талдауларының нәтижелері қаралды.

Осы жылдың тоғыз айы ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері 99 қылмысты тіркесе, соның 49-ы ауыр, 60 – сыбайлас жемқорлық қылмыстары. Жүйелі сыбайлас жемқорлықтың бес, ШОБ қызметіне заңсыз араласудың 14  дерегі анықталып, алты облыстық, бес аудандық деңгейдегі басшы жауапқа тартылған.

Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын анықтау жұмыстары түрлі салаларда жүргізілуде. Талдау көрсеткендей, ішкі істер органдарының қызметкерлері сыбайлас жемқорлық іс-әрекетіне көп барған, оларға қатысты 50 сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілді.
Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласының басшылығына жер телімдері мен тұрғын үй бөлу рәсімдерін автоматтандыру жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. Аталмыш шаралар сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету мақсатында қабылданып жатыр. Қала әкімі Мавр Абдуллин мәліметтерді интеграциялау жұмыстары 2020 жылдың басында аяқталатынын айтты.
«Жыл соңына дейін бұл сұрақ анық болуы тиіс. Мәліметтер базасын ретке келтіру керек. Бастысы сыбайлас жемқорлық қылмысын анықтап, оны істеген адамды жазалау емес, соның алдын алу жұмыстары - маңызды. Сондықтан, барлық рәсімдерді цифрландырып, халықтың қызмет көрсету саласындағы қызметкерлерімен байланысын азайтуымыз қажет»,- деді өңір басшысы.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#НОВОСТИ АКТОБЕ #НОВОСТИ КАЗАХСТАНА

Комментарии

Объявления
live comments feed...