19:06, 14 ноября 2019 г.
Надежный источник
Қазіргі заман қаһарманы: Темір ауданында жалғасын тапты
«Қазіргі заман қаһарманы» атты республикалық акциясы Ақтөбе облысының Темір ауданында өз жалғасын тапты, деп хабарлайды City04.kz.
Темір ауданының орталығы Шұбарқұдықта салтанатты шара ең алдымен қызмет бабында қаза тапқан полицейлерге арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, оларды еске алудан басталды. Шараға Шұбарқұдық кентінің тұрғындары мен жастар, ішкі істер органдарының ардагерлер, аудандық полиция бөлімінің жеке құрамы, қаза тапқан полицейлердің туыстары қатысты.
2011 жылы Темір ауданының орталығы Шұбарқұдықта 2011 жылы шілде айындағы Шұбарши оқиғасы кезінде қаза тапқан бес полицейге ескерткіш тақта орнатылды. Темір ауданы ішкі істер бөлімі ғимаратының алдындағы гранит монументке полиция сержанттары Нұрлан Алпысбай, Айдос Боранбаев, аға лейтенант Руслан Жолдыбаев, майор Айболат Иманбаев пен капитан Рүстем Кенжалиннің есімдері қашалып жазылған.
Шұбарши оқиғасы 2011 жылы маусымның 30-ынан шілденің 1-не қараған түні полиция сержанттары Нұрлан Алпысбай мен Айдос Боранбаевты, «дінді жамылып, мұнай ұрлаумен айналысқан» қарулы топ атып тастаған соң басталған. 2011 жылы шілде айындағы сегіз күнге созылған қарулы қақтығыс кезінде қаза тапқандар бір минут үнсіздікпен еске алынды.
Жиналған көпшілік алдында сөз алған Темір ауданы әкімінің міндетін атқарушы Әлібек Мұңайтпасов республикалық шараға қатысушыларға алғысын білдірді.
- Тәртіп сақшылары қашанда ел тұрғындарының тыныштығы мен қауіпсіздігі жолында бастарын қатерге тігеді. Біз өз қызметтеріне адал болған, ел тыныштығы үшін өмірлерін қиған тәртіп сақшыларының аруағының алдында бас иеміз. Олардың ерлігі - бүгінгі жас тәртіп сақшыларына үлгі, - деді салтанатты шарада сөз алған ҚР ІІМ Кадр саясаты департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Бақытжан Бейсеев.
Шұбарқұдықтағы кездесу соңында Алматы қаласы полиция департаменті ансамблінің шығармашылық ұжымы концерттік бағдарламасын ұсынды. Бағдарламаға Шұбарқұдық кентіндегі еңбек ұжымдарының өкілдері мен аудан тұрғындары, оқушылар мен ата-аналар, ардагерлер қатысты. Концерттік бағдарлама соңында аудан әкімінің міндетін атқарушы Ә. Мұңайтпасов еліміздің әр түкпірінен келген батыр полицейлер мен Алматы облысы полиция департаменті ансамблі ұжымына алғыс хаттар табыс етті.
15 қараша күні "Өнер орталығы" концерт залында салтанатты іс- шараның қорытынды бөлімі өтеді. Онда Ішкі істер министрі атынан марапаттаулар мен алғыс хаттар табыс етіледі. Акция соңында ақтөбелік тұрғындар назарына Алматы қаласы Полиция департаменті ансамблінің концерттік бағдарламасы ұсынылады.
Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
Последние новости
15:00
4 декабря
09:00
4 декабря
18:00
2 декабря
15:15
2 декабря
15:07
2 декабря
Объявления
15:32, 26 ноября
13
live comments feed...
Комментарии