17:05, 10 января 2020 г.

"Мавр Абдуллин мырза, ..........!"

"Мавр Абдуллин мырза, ..........!"

Ақтөбеде қала әкімі Мавр Абдуллин атаулы әлеуметтік көмектің берілуінің өзгерістерін көпбалалы аналарға түсіндіру мақсатында кездесу өткізді.Кездесуде қала әкімі Мавр Абдуллинге “сіз біздің мәселемізді шеше алмайсыз” ,-деп көпбалалы аналар өз ойларын білдірді деп хабарлайды City04.kz .

Түсіндіру жұмыстарын қала әкімі мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Ораққызы өткізді. Аналардың сұрақтарына қалалық бөлім басшылары, облыстық білім басқармаларының қызметкерлері жауап берді.

2020 жылдың қаңтар айынан бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек заңы күшіне енгізілді. Басты өзгеріс бұған дейін бала күтімімен 7 жасқа дейінгі балалармен отыру мүмкіндігі болса, биылғы жылдан бастап бала күтімімен 3 жасқа дейін ғана екі ата-ананың біреуі ғана отыра алады. Балалары 3 жастан асқан болса ата-аналары міндетті түрде тұрақты жұмысқа орналасулары қажет. Бұл еңбек бағдарламасы аясында белсенді шараларға бағытталуы керек. Белсенді шараларға: қайта даярлау курстары, қоғамдық-әлеуметтік жұмыс орындары, жастар тәжірибесі жатқызылады. Биылғы өзгерістердің бірі учаскелік комиссияның тексерісі 3 күннен 7 күнге ұзартылуы. Сонымен қатар, учаскелік комиссия құрамы да өзгеруде.

"Мавр Абдуллин мырза, ..........!" , фото-1

- Көпбалалы отбасылардың тұрмыстық жағдайы бойынша тұрғын үйінде бір адам басына шаққанда 18 шаршы метрден асса, бірнеше пәтерлері болса, бір автокөліктен артық көлік болса, ауыл шаруашылығы көліктері болған жағдайда атаулы әлеуметтік көмек берілмейді. Өйткені 2019 жылы көптеген жағдайлардың орын алғаны белгілі. Өткен жылы бала санына байланысты әр балаға 20589 теңге көлемінде қаражат белгіленген болатын. Ал биылғы жылдан бастап тек қана кедейшілік шегімен отбасы кірісі есептеліп айырмашылығы ғана төленеді. 2020 жылдың 1 тоқсанына кедейшілік шегі 19366 теңге . Әр отбасы мүшесінің кірісі 19366 теңгеден аспауы керек. Әр адам басына шаққанда айырмашылық қана төленетін болады. Былтыр шартты және шартсыз ақшалай көмек алты ай және бір жылға тағайындалды. Осы жылдан бастап ақшалай көмек әр үш ай сайын тағайындалатын болады,- дейді халықты жұмыспен қамту орталығы директорының қызметін атқарушы Алтынай Маханова.

Еске сала кетейік, 5 қаңтардан бастап аудандарда және селолық округтерде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалуы үшін төрт белгіленген мекенжай бойынша құжаттар қабылдана бастаған.

Кездесу барысында, «Әкім мырза сіз біздің мәселемізді шеше алмайсыз!» «Сіз үкімет айтқан нәрсені ғана айтасыз!» деген наразы пікірмен жалғызбасты ана сөзін бастады.

-“Нұр Отан” партиясының мүшелері мен мәслихат депутаттары қайда? Біздің проблемамызды осы азаматтар үкіметке жеткізулері керек. Көпбалалы аналардың дені пәтер жалдап тұрады. Көбісі әлеуметтік көмектің ақшасына пәтерлерінің ақысын төлеп отыр. Жалпы бала күтімі бойынша ата-аналарды 7 жасқа дейін қалдырулары керек. Өйткені кеше ғана 9 жасар қызды үйде жалғыз қалдырғандықтан кішкентай қызды зорлады. Ал біздер қалай 3 және 5 жасар балаларымызды үйде қалдырамыз,-деді шенділерге сұрақ қою барысында жалғызбасты ана.

Бұлбұл Ораққызының айтуынша,әлеуметтік көмекке облыстық және республикалық бюджеттен 10 млрд теңге қаражат жоспарланған.Жылдың қорытындысы бойынша көпбалалы отбасыларға тиесілі әлеуметтік көмек толығымен төленген.

- Биылғы жылғы алғашқы өзгеріс отбасына келіп түсетін барлық табыс көзі есепке алынбайды.Әлеуметтік көмек алу үшін мына табыстар кіріс болып есептелмейді: 16 мен 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалардың табысы; алтын алқа және күміс алқа иегерлеріне төленетін мемлекеттік жәрдемақы; жоғары және арнаулы оқу орындарының күндізгі бөлімдерінде оқитын студенттердің шәкіртақысы; баланың туылуына байланысты берілетін біржолғы ақы. Қалған табыстардың барлығы есептеледі,- дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Ораққызы.

- Ақтөбеде республикаға танымал бір журналист әлеуметтік желіге “Әйелдер көшеге неге шығады” деген бір пост шығарды. Осы пост тапсырыспен жазылған ба, сіздердің тараптарыңыздан тапсырыс берілді ме? Әйелдер егер тиесілі органдарға барғаннан, сіздерге жолыққаннан шаруасы шешілмесе көшеге шықпағанда қайтеді,- дейді Ақтөбе тұрғыны Серік Әбдіжами.

Тілшіге сұхбат берген Алия есімді көпбалалы жас әлеуметтік көмек берудің өзгерістерін қолдап отыр.

- Мен 17 жасымда тұрмысқа шықтым. Төрт балалы анамын. Жасым 25-те.Төрт баламызға айына 113мың теңге алып отырмыз. Көп адамдардың атаулы әлеуметтік көмекке жүгініп отырғанын дұрыс емес деп танимын. Өйткені олардың күйеулері жұмыс жасамайды да, мемлекеттен берілетін әлеуметтік көмекке сенім пайда болады. Мысалы, біз бұрыннан алты ай сайынғы әлеуметтік көмекті алып келе жатырмыз. Бірақ оған қатты арқа сүйемейміз . Мен мектепте мұғалім болып жұмыс жасаймын. Жолдасым бала күтімімен үйде отыр,- дейді Алия есімді төрт баланың анасы.

Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін мүгедек балаларға берілетін ақы есептелмесін деген тұрғындар да табылды.

- Ата-аналар қазір осы залда сұрақ қойып мәселемді шешемін деген ойдан аулақ болуымыз керек. Әр отбасының жағдайы жеке қаралады,-деді қала әкімі Мавр Абдуллин кездесу барысында.

"Мавр Абдуллин мырза, ..........!" , фото-2

-“Көпбалалы аналарға жұмыс істемейсіздер масыл дейсіздер. Бізге депутаттар масыл болып отыр. Халықтың мойнында. Тегін ішіп-жейді, тегін үйде тұрады. Халықты масыл деп айтуға қандай хақылары бар”,-дейді Аманбике есімді жалғызбасты ана.

Кездесу барысында халық сұрақтарын жаудырды. Тұрғындардың сұрақтарына Бұлбұл Ораққызы жауап берді:

- Мен де адам баласымын. Әр адамның жеке территориясы болады . Біздің сіздердің территорияларыңызға кіруге рұқсатымыз жоқ. Маған мемлекет сіздерге жағдайды түсіндірсін деп қаражат төлеп отыр. Атаулы әлеуметтік көмекті ешкім алып тастамады. Тек қана атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың ережелеріне өзгерістер енгізілді. 2019 жылы Ақтөбе облысы бойынша көпбалалы отбасы мен аз қамтылған отбасы мүшелері 2000 азаматқа қайтарымсыз 505 мың теңге көлемінде гранттар берілді.

Кездесуде зал лық толы болды. Кейбір аналар кездесуге сәбилерімен бірге келді. Байқағанымыздай, көпбалалы аналардың басым көпшілігі атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін енгізілген өзгерістерге көңілдері толмауда. Бірі бала күтімінің мерзімін 3 жастан 7 жасқа дейін ұзартқанына наразы болса бірі жұмыс жасасақ балаларымызды балабақшадан алу қиындайды деп алаңдауда. Сұрақ-жауап форматында өткен кездесу ұзаққа созылды.

Если вы заметили ошибку, выделите необходимый текст и нажмите Ctrl+Enter, чтобы сообщить об этом редакции
#АСП #көпбалалы ана #Ақтөбе #Мавр Абдуллин #Бұлбұл Ораққызы #әлеуметтік көмек #кездесу

Комментарии

Объявления
live comments feed...