Ақтөбеде қиын жағдайға тап болған балаларды қолдайтын "Аяла" орталығы ашылды. Мекеме Алға балалар үйі мен кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының бірігуінен құрылған. Бұл өңірде балалар үйі тәрбиеленушілерінің саны азайғандығына байланысты, деп хабарлайды City04.kz.
16 ақпан, сенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапары кезінде жаңа Орталықта болды.
Өңір басшысы жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балалардың аталмыш мекемедегі тұрмысымен және тәрбиесімен танысты, орталықтың басшылығымен, педагогикалық ұжымымен және тәрбиеленушілерімен кездесті.
Облыс әкімі мекемеге спортпен жаттығу құрылғысын тарту етіп, балаларға сыйлықтар мен тәттілер берді.
Орталықта балаларды тәрбиелеуге және оқытуға, бос уақыттары мен демалысын ұйымдастыруға, медициналық, психологиялық қолдау көрсетуге қажетті жағдайлар жасалған. Ұстаздар мен психологтар балаларға мамандық таңдауға, өз бетімен өмір сүруге көмектеседі. Орталыққа 3-18 жас аралығындағы балалар қабылданады. Бүгінгі таңда мұнда 33 тәрбиеленуші тұрады.
Сондай-ақ, сол күні өңір басшысы «Сельмаш» ауданындағы өтпе жолдың құрылысымен танысты. Ұзындығы 126 метр болатын көпірді осы жылы аяқтау жоспарланып отыр. Облыс әкімі қала билігіне құрылыс сапасы мен мерзімін мұқият қадағалауды тапсырды.
Бұдан басқа, Бердібек Сапарбаев Сәңкібай батыр даңғылы бойындағы сауда орталығы алаңының құрылысында болды. Екі қабаттан тұратын орталықтың ғимаратында жиһаз орталығы, электронды және тұрмыстық тауарлар дүкені орналаспақ.