Ақтөбе облысында «Ашық есік күндері» акциясы нәтижесінде әлеуметтік көмекке мұқтаж 877 отбасыға 50 млн теңгеге қажетті көмек көрсетілді, деп хабарлайды City04.kz.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған шаралардың өңірде жүзеге асырылып жатқанын ерекше атап өтті.
Келіп түскен 1469 сұрақ оң шешімін тауып, 4307 сауалға түсіндірме берілді. 264 сұрақ жұмыс барысында бақылауда тұр. Аса мұқтаж отбасылармен жұмыстану үшін өңірде құрамына депутаттар, қоғам белсенділері, кәсіпкерлер мен мемлекеттік құрылым өкілдері кірген мобильді топтар жұмыс жасады. Олар жүгінген кісілердің тұрмыс жағдайымен танысып, сол отбасыға қандай нақты көмек көрсету керектігін білу үшін мекенжайларына барды.
Атап өтетін жайт, Ақтөбе облысында атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатындар саны бір жарым есе артады. Егер 2018 жылы 20 083 адам жалпы сомасы 717 млн теңге атаулы әлеуметтік көмек алса, 2019 жылы олардың саны 29 237 адамға артады. Осы мақсатпен биыл бюджетке 903 млн теңге бөлінген, қосымша республикалық бюджеттен тағы 3,5 млрд теңге бөлінбек.