Жуырда Ақтөбеге келген Үкіметтің ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіхалықова бастаған жұмыс тобы өңірдегі ірі кәсіпорындардың басшыларымен жұмысшылардың еңбек құқықтарының сақталуына, әлеуметтік әріптестікті дамытуға байланысты сұрақтар бойынша кездесті6 деп хабарлайды City04.kz.
Кездесу Ақтөбе рельс-арқалық зауытында өтті. Оған облыс әкімі Оңдасын Оразалин, аумақтық кәсіподақтардың басшылары, әлеуметтік серіктестік жөніндегі өңірлік және салалық үшжақты комиссия мүшелері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев атап өткендей Ақтөбе облысында 354,5 мыңнан астам жалдамалы жұмысшы еңбек етіп жатқан 11,6 мыңнан аса кәсіпорын жұмыс жасайды.
Министржұмыс берушілердің әлеуметтік жауапкершіліктерін дамыту, соның ішінде әлеуметтік жағынан осал жұмысшыларға қатысты бірқатар ұсыныстар айтты.
Атап айтқанда, жанұясы күрделі қаржылай қиындыққа тап болған жұмысшыларға баспана сатып алу, үйлерін жөндеу, балаларын балабақша мен лагерьлерге орналастыру сияқты басқа да материалдық көмектер көрсету ұсынылды. Сонымен қатар, олар үшін ыңғайлы жұмыс тәртібін орнату және отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтылуына жәрдемдесуді қарастыру ұсынылып отыр
Айта кетейік, Ақтөбе облысында ірі компаниялармен жобаларды бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асыру жұмыстары жүйелік негізде жүргізілуде. 2017-2018 жылдардың ішінде 4,4 млрд. теңгеге әлеуметтік жауапкершілік пен әріптестік туралы жеті меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде Шығармашылық академиясы, «Аяла» балаларды оңалту орталығы сынды ғимараттар тұрғызылды. 2019 жылдың соңына дейін Жеңіл атлетикалық манеж бен ІТ-орталық құрылысын бітіру жоспарланып отыр.
Бұдан басқа, кәсіпорындар әр түрлі материалдық және қайырымдылық көмектер көрсетуде. Мәселен, Ақтөбе ферро қорытпа зауыты былтыр қайырымдылыққа 30 млн теңгеден астам қаражат жіберген. «Қазхром» ТҰК» АҚ Хромтау қаласындағы Дөң кен байыту комбинатының қызметкерлері үшін 120 пәтерлі үй салып берді. Бұл ақтөбелік кәсіпкерлер жасаған игі істердің аз бөлігі ғана.
«Ақтөбемұнайгаз» ЖШС де компанияның әлеуметтік жағынан жауапты саясатын көрсетуде жақсы мысал. Компания директоры Серік Естемісов кәсіпорын қызметкері – Қанат Садықовтың көпбалалы жанұясы үшін үй сатып алып беретінін жеткізді. Садықовтар – жуырда ҚР вице-премьері Гүлшара Әбдіхалықова барған бес отбасының бірі.
Оның сөзінше, «Ақтөбемұнайгаз» ЖШС жұмысшыларының орташа жалақысы 150-200 мың теңге.
Жұмысшылардың еңбек құқықтарын сақтау мақсатында, осы жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Ақтөбе облысындағы 8 696 кәсіпорында 130 мың жұмысшының құқығын қорғайтын ұжымдық келісімшарттарға қол қойылған. Барлық меншік түріндегі ірі кәсіпорындардың ұжымдық келісімшарттармен 94,8% қамтылған, орташа субъектілер бойынша 97,8% құрайды.
Бұдан басқа, жыл басынан бері кәсіпорын басшыларымен жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау жөнінде 1 мыңнан аса меморандаумға қол қойылды. Қол қойылған меморандумдардағы міндеттердің бірі өндіріс маманының айлығын көтеру болып табылады. Бүгінде 1400 кәсіпорын 30 мыңнан аса жұмысшының еңбекақысы орташа алғанда 15,5%-ға көтерген.